Астанада Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығының мәселелері талқыланды
18:07, 27 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Елшісі Эсенгул Омуралиевті қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығының түрлі аспектілері, оның ішінде екіжақты сауда-экономикалық байланыстар, аймақтық көлік жобалары, көші-қон мәселелері туралы әңгіме өрістеді.
Жүздесушілер сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның екіжақты және көпжақты деңгейдегі өзара іс-қимылдың парламентаралық өлшемінің келешегі туралы пікір алмасты. Бішкек және Ош қалаларында салынатын жалпы білім беретін мектептердің құрылысы туралы таяуда Сенат ратифициялаған үкіметаралық келісімнің маңызы аталып өтілді. Бұл уағдаластықтарға Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы тамыз айында Қырғызстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткен болатын.