Астанада Қазақстан мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақ арасында құрылымданған диалог өтуде

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Бас прокуратураның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақ арасында құрылымданған диалог өтуде,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараға  еліміздің Бас прокуроры Қайрат Мәми, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің еліміздегі елшіліктердің өкілдері, еліміздегі адам құқықтары саласындағы қызмет өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысуда.

Құрылымданған диалог адам құқықтары саласындағы мәселелер бойынша өзара пікір алмасатын арнайы алаң. Ол сондай-ақ еліміздің заңнамаларын адам құқықтары саласындағы халықаралық ұйым талаптарына  сәйкестендіруге бағытталған шара. Жиынға қатысушылар Қазақстанда сайлау заңнамалары мен діни сенім бостандығы, саяси партияларды тіркеу, адам құқықтары саласындағы институттардың қызметі және әйелдер мен балалардың құықтарының сақталуы, өлім жазасы мен бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдай сияқты көптеген мәселелер жөнінде өзара пікір алмасуда.

Жиын барысында кіріспе сөз сөйлеген Бас прокурор Қайрат Мәмидің айтуынша, Қазақстан бүгінде әлемдік қауымдастықпен тығыз байланысып, оның тең құқылы мүшесі болып отыр. «Сондықтан Еуропалық Одақпен бірлескен қимылдар еліміз үшін өте маңызды. Бүгінде еліміз адам құқықтары саласындағы 60-тан астам халықаралық келісімдердің қатысушысы. Ал адам құқықтары мен бостандықтары және олардың заңды мүдделерін қорғау мәселесі мемлекеттің басты заңында көрсетілген. Осы нормалардың тиімді жүзеге асырылуы үшін Қазақстанда қоғамдық және мемлекеттік институттары жұмыс істейді. Сондай-ақ елде адам құқықтары саласындағы 2009-2012 жылдарды қамтитын ұлттық іс-қимылдар жоспары құрылған» деді Қ.Мәми.