Астанада Қазақстан мен Франция суретшілерінің бірлескен көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қазақстандық-француздық суретшілердің бірлескен көрмесі ашылды.

Шараның мақсаты - үстіміздегі жылдың қараша айында Парижде Үлкен сарайда (Grand Palais) өткен Art Capital-2014 көрмесінде қазақстандық суретшілердің алған әсерлерін жеткізу. Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Йоанн Юрестің айтуынша, көрме Қазақстан мен Францияның арасындағы өзара қарым-қатынасты жеткізіп, ART CAPITAL-2014 көрмесінің жалғасы болып табылады. Көрме Қабанбай батыр даңғылы 35, «Бавария автоорталығы» (БМВ орталығы) мекенжайы бойынша өтіп жатыр. Шара 2015 жылғы 19 қаңтарға дейін жалғасады. Еске салайық, биыл 31 қазаннан 3 қарашаға дейін Франция астанасында Астана күндері болып өтті. Онда қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы таныстырылды, әйгілі Луврдың алдындағы алаңда «Қазақ ауылы» экспозициясы ашылды. Сонымен қатар 12 желтоқсанда Астанада Бесінші Республиканың негізін қалаушы және бірінші Президенті Шарль де Голльға арналған ескерткіш ашылды, деп хабарланған аstana.kz.