Астанада Қазақстан мен Қытай дипломаттарының консультациясы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан және Қытай дипломатиялық ведомстволары ҚХР-дағы қазақ диаспорасының мәселелерін талқылау үшін жүйелі түрде консультациялар өткізуде, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

«27 қарашада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов ҚХР Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті және Астанадағы ҚХР Елшілігінің консулдық бөлім басшылығымен қазақ диаспорасына (ҚХР азаматтары) байланысты мәселелерді шешу жолындағы ынтымақтастық жөніндегі консультациялар өткізілді. 9 қарашада Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі (вице-министр) Ли Хуэйлаймен кездесті», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Сыртқы саяси ведомствоның хабарлауынша, жыл соңына дейін ҚР СІМ бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Үрімжі қаласына ҚХР Шынжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі және ҚХР ШҰАӨ Сыртқы істер басқармасы басшылығымен кездесу мақсатымен, сондай-ақ ҚР СІМ Паспорт және визалық қызмет инспекциясын жасау үшін жұмыс сапарымен барады.