Жиынды ашып сөз сөйлеген Қытай Ақпараттық интернет-орталығының бас редакторы Ван Сяохуэй екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамыту, дәстүрлі достықты тереңдетуде БАҚ рөлі ерекше жоғары екеніне назар аударды. Сонымен қатар, спикер жақын күндері ресми ашылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен ШЫҰ басшыларының кездесуінің маңызына тоқтала келе, оның аясында медиа өкілдерінің пікір алмасуы өзекті екенін жеткізді. Бұдан бөлек, оның айтуынша, Жібек жолы экономикалық белдеуінің экономикалық аспектілерінен бөлек, оның мәдени-гуманитарлық қырларын ақпараттық бағытта қолдау екі елге де пайдалы.
«Бір белдеу - бір жол» - гүлденудің, ашықтықтың, бейбітшілік пен дамудың, инновация мен өркениеттің жолы. Бұл жол әртүрлі ел халықтарының даму мүдделеріне сай келетін перспективасы жоғары бағыт. Сондықтан да, ежелден көршілес елдердің баспасөзі де бұл бағыттағы ынтымақтастығын арттырса, ұтатыны сөзсіз», - деді Ван Сяохуэй.
Ал Қытай Коммунистік партиясы ОК насихат бөлімі министрінің орынбасары То Чжэнь «Бір белдеу - бір жол» бастамасы Қазақстан мен Қытай интеграциясын жаңа сатыға жетелейтінін атап өтті.
«Бұл екі ел халықтарының мүддесі үшін жасалатын маңызды қадам. Сондықтан да, жарқын болашақ мақсатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолы белдеуін «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштастыруды алға тартты. Ал біздің мақсатымыз елдердің іскерлік, экономикалық ынтымақтастығын дұрыс дәріптеп, айшықты көрсету», - деді То Чжэнь.
Жүздесу барысында қытайлық БАҚ басшылары қазақстандық әріптестерімен ақпараттар алмасу, әртүрлі бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныстар жасады. Журналистика саласында мамандар оқыту мен тәжірибе алмасу турасында сөз болды.
Өз кезегінде «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Қазақстан мен Қытайдың аса жақын елдер екенін, бұл ретте ақпарат құралдарының мемелкетаралық қарым қатынастарды дамытудағы рөлі өте жоғары екенін атап өтті.
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған форумның өз ерекшелігі бар. Бұл ең бірінші кезекте қытайлық әріптестеріміздің Астанадағы айтулы шараға қолдауын білдіреді. Екіншіден, 2013 жылдың күзінде Астанада Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолы экономикалық белдеуін жария еткені белгілі. Тарихи мәлімдеменің біздің елімізде жариялай отырып, жаңа экономикалық дамудың тұжырымдамасын ғана емес, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа қағидаттарын әйгіледі. Бұндай ауқымды бағдарламада БАҚ-тың да алатын орны бар»,- деді Е. Қарин.
Оның айтуынша, Қазақстан Қытайдың Жібек жолы белдеуіне үйлестіру бағытында «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдаған бірден бір ел. «Сондықтан да, Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу-бір жол» жобасын жүзеге асыруда негізгі серіктестер бола алады. Ал экономикалық ынтымақтастықты мәдени-гуманитарлық бағытта қолдау ерекше маңызды. Бұл ретте БАҚ екі ел халқының достық және өзара түсіністік көпірі бола алады», - деді ол.
Ал «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Омаров ежелден көрші екі елдің достығы БАҚ аясындағы ынтымақтастық арқылы беки түсетінін жеткізді.
«Елбасының тапсырмасы аясында «ҚазАқпарат» агенттігінде ашылған Қытай редакциясының жұмысы бұған дәлел бола алады. Орталық Азияда бірінші болып ашылған қытай тілінде хабар тарату екі ел халықтарының мәдени-гуманитарлық интеграциясына өз әсерін тигізіп келеді. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды тереңдетуге, ауқымын арттыруға мүдделіміз», - деді А. Омаров.
Пікір алмасу форматында өткен жиынға қатысушылар мұндай басқосудың маңыздылығына назар бұрып, кездесуді дәстүрлі түрде мерзім сайын өткізу туралы ұсыныстар тастады.
20:17, 05 Маусым 2017
Астанада Қазақстан мен Қытай медиа-симпозиумы өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан-Қытай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен медиа-симпозиум болып өтті. Кездесудің басты тақырыбы көршілес екі елдің БАҚ саласындағы ынтымақтастығын нығайту, дәстүрлі достықты тереңдету бағытындағы пікір алмасу болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.