20:47, 08 Маусым 2009
Астанада Қазақстан мен Литваның ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастығы мәселелері талқыланды
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаевтың литвалық әріптесі Казис Старкявичюспен кездесуі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық, атап айтқанда сүт бағытындағы және асыл тұқымды мал шаруашылықтары, ветеринария (Еуроодақтың ветеринариялық талаптарын атқару және енгізу), сүт өнімдерін өндіру, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда-саттығы мәселелері талқыланды.Екі тарап та ветеринария және ауыл шаруашылығы ғылымдары салаларындағы тәжірибелерімен алмасуға мүдделілік танытты. Сонымен қатар, екі тарап та балық шаруашылығын бірлесіп дамыту туралы уағдаласты.Талқылау барысында литвалық тарап қазақстандық тарапқа олардан асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуды ұсынды.ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қонаққа қазақстандық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы айтты, сондай-ақ қазақстандық астықты одан әрі Балтық теңізі арқылы экспорттау мәселелерін талқылады және литвалық бизнесмендерге осы жобаға қатысуды ұсынды. Өз кезегінде К.Старкявичюс бірлесіп биоэнергетиканы дамытуды, сүт технологияларын, биоэтанолды әзірлеуді, сондай-ақ құс және балық еттерін қайта өңдеуді ұсынды. А.Күрішбаев осы ұсыныстарды қарауға даяр екендігін білдірді.