Астанада Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 наурыз күні Астанада Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астана өткен апталық брифингте мәлімдеді.

Аталған шара 1992 жылы 6 наурызда бастау алған Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 27 жылдық мерейтойына сәйкес келеді. Оған сауда, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салаларда қызмет көрсететін 20-дан астам мысыр компаниялардың басшылары қатысады.

«Мысыр делегациясын Сауда және өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары Таха Борайе басқарады. Форумда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Іс-шараның негізгі мақсаты - екі елдің кәсіпкерлері арасында экономиканың түрлі салаларында тікелей байланыстарды орнату, бірлескен кәсіпорындарды құру, сондай-ақ бірлескен перспективалық жобаларға инвестиция тарту», - деді ҚР СІМ ресми өкілі.

2018 жылы Мысырмен екіжақты сауда көлемі 84 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 16,6 млн долларға, ал Мысырдан импорт 67,2 млн долларға жеткен.