Астанада «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық комитетінің 13-ші отырысы өтті
Қазақстандық делегацияны аталмыш іс-шаралардың екеуінде де Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков, ал Еуропалық делегацияны Еуропалық Одақтың сыртқы әрекеттер қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік, Орталық Азия, аймақтық ынтымақтастық пен ЕҚЫҰ мәселелер жөніндегі директоратының директоры Гуннар Виганд бастады.
Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті жан-жақты кеңейту мен күшейту саясаты шеңберінде комитет отырысына қатысушылар сауда мен инвестициялар, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау мен өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар, сондай-ақ жаңа қауіп-қатерлермен күресудегі бірлескен күш-жігерлер мен адам құқықтарының қамтамасыз етілуі мәселелерін қозғады.
Жаңа Келісім бойынша келіссөздер жұмыс топтары мен пленарлық сессия форматында өтті, тараптар болашақ Келісім жобасының саяси, сауда-экономикалық, құқықтық, қаржылық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін қамтитын барлық тарауларын пысықтады.
«Тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың сапалы жаңа, анағұрлым жетілген деңгейін көрсетудегі және олардың ұзақ мерзімді тең құқылы әріптестігінің берік негізін қамтамасыз етудегі Келісімді дайындауға өз мүддесін тағы бір мәрте растады»,- делінген баспасөз баянында.