Басқосуға Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты, Әділет министрлігінен өкілдер және танымал құқықтанушы ғалымдар мен құқық қорғау органдарынан тәжірибелі мамандар қатысады. Шара барысында 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясаттың негізгі талаптарын іске асыруда қылмыстық атқару заңнамасын жетілдірудің түйткілді мәселелері талқыланады.
Нақтырақ айтқанда, онда сотталушыны қоғамнан оқшауламаумен байланысты қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану мәселесі қаралады. Бүгінде сотталғандарды тәрбиелеу, оларды бас бостандығынан айыру орындарында ұстау, тәрбиелік ықпал ету жұмыстары заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді қажет етіп отыр. Осыған қарай бұл мәселе де отырыстың күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бір болады.
Сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарынан босаған азаматтарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде әлеуметтік
ортаға қайтару немесе бейімдеу, сотталғандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді заңнамалық ұсыныстар әзірлеу де қылмыстық-атқару саласын дамытудағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан оларды отырысқа қатысушылар ортаға салады.
Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша оған қатысушылардың ұсыныс-пікірлері негізінде еліміздің қалмыстық-атқару заңнамаларын жетілдіруге қатысты және Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін жалпы оңалтуға қатысты арнайы ұсыныстар қабылданады деп күтілуде.