Астанада «Қазақстан Республикасының Ата Заңына - 20 жыл» құжаттық көрмесі жұмысын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық мұрағаты «Қазақстан Республикасының Ата Заңына - 20 жыл» атты құжаттық көрмені ұйымдастырды.

Ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әбсеметовтің айтуынша, көрменің өткізудің басты мақсаты - құжаттық негізде қоғам мен мемлекеттің басты Заңының дайындалуы мен қабылдауы тарихын ашып көрсету. Осы орайда онда мұрағаттың қорларынан алынған түпнұсқалық құжаттар қойылды. «Биылғы атаулы мейрамға орай Ата Заңымызға байланысты бүкіл құжаттарды көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Жалпы айтқанда, бүгінде Қазақстанның дамуына, әлеуетіне Ата Заңымыздың нәтижелі болуы ықпал етті. Сонымен қатар Конституциямыздың арқасында халқымызды әлем елдері таныды. Сондықтан бабаларымыздың арманын бүгінгі ұрпақ көріп отыр», - деді М.Әбсеметов. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Тұңғыш Конституциясын даярлау бойынша жұмыс тобының мүшелері, ҚР Праламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, тарихшы ғалымдар мен мұрағатшылар қатысты. Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары көрмені биылғы қыркүйектің соңына дейін тамашалай алады.