Астанада «Қазақстан Республикасының ІТ-менеджерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрылтай съезі өтеді

АЛМАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Астана қаласында «Қазақстан Республикасының ІТ-менеджерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрылтай съезін өткізу жоспарланып отыр.

Бұл жайында бүгін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқар Құсайынов Алматыда өткен жиын барысында айтты.

Қазақстан Республикасы ІТ-менеджерлерінің кәсіби қоғамдық бірлестігін құрудың қатысушысы және куәгері болу үшін республиканың барлық ІТ қызметкерлері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін съезге жиналмақ.

"ІТ саласында қызмет етіп жүрген барлық қазақстандықтарды біздің қауымдастықтың мүшесі болуға және Астанада өтетін съезге қатысуға шақырамыз", - деп атап өтті А.Құсайынов.