Астанада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік этносаясатын ғылыми-аналитикалық қамтамасыз ету: міндеттері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 28 сәуірінде  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясының қорытындысына арналған

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік этносаясатын ғылыми-аналитикалық қамтамасыз ету: міндеттері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді, деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қзметі.

Отырыс Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісі Ералы  Тоғжановтың және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсіловтың алғысөзімен басталады.

Шарада «IADE» Білім беруді дамыту халықаралық қауымдастығының президенті (Чехия) Лара Шейко- «Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен Еуропадағы білім беру жобалары туралы», Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы мүшесі,Любовь Шашкова Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының ғылыми құжаттар басылымдары басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Елена Грибанова-«Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатымен және шығармашылық зиялыларымен бірлескен жобасы туралы»,шет тілін жедел меңгерудің психолингвистикалық әдістемесінің авторы, Гиннестің рекордтар кітабына енген, әлемнің 30 тілін жетік меңгерген, әлемге танымал лингвист-аудармашы (Ресей) Дмитрий Петров- «Тілді меңгерудегі жаңа технологиялар» деген тақырыпта сөз сөйлейді деп күтілуде.

Дөңгелек үстелге сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, өңірлердің ғылыми-сарапшылық топтарының жетекшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысады.