Астанада Қазақстан-Словения бизнес клубының кеңсесі ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен Қазақстан-Словения бизнес форумы өтті. Оған екі елдің іскерлік орталарының 60-тан астам өкілдері қатысты. 

Форумның ашылу салтанатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мен Қазақстан-Словения бизнес клубының президенті Деян Штанцер сөз сөйледі.

Деян Штанцер өз сөзінде Словенияның Еуропа орталығында орналасқанын және Австриямен, Италиямен, Мажарстанмен және Хорватиямен шекараласатынын атап өтті. Бұл Словенияның Солтүстік пен Оңтүстік, Батыс пен Шығыс арасында көпір іспеттес екенін білдіреді, ең маңыздысы - мұнда ашық теңізге жол ашық. Сондай-ақ Словения ЭЫДҰ, ЕЭҚ секілді барлық аса маңызды дүниежүзілік ұйымдардың мүшесі.

Өз кезегінде Kazakh Invest басқарушы директоры Эрик Якубаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы айтып, словениялық бизнесмендерді республика өңірлеріндегі инвестициялық жобаларды зерделеп көруге шақырды.

Бұдан өзге, форум барысында словениялық инвестор Севен Рефракторис, AHA Hyperbarics (HBOT) бас директоры Питер Кокаль сөз сөйледі.
 

Форум қорытындысы бойынша Астанада Қазақстан-Словения бизнес клубының офисін ашу және тіркеу рәсімі өтті. 

Айта кетейік,2017 жылғы қаңтар-қазанда екі ел арасындағы сауда айналымы $97,2 млн (экспорт - $25,2 млн) құрады. Қазақстаннан Словенияға экспортты мақта, темір және болат, фенолокетон, электр жабдықтары және құрамдас бөліктер құрайды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия (ҮАК) жұмыс істейді. ҮАК ІІІ отырысы 2016 жылғы 20-21 қазанда Любляна қаласында өтті.