Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері өтеді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Ел астанасында Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері өтеді. Бағдарлама аясында өткізілетін шығармашылық және іскерлік іс-шаралар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті. 

Негізгі іс-шара — Ресейдің мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі 23 сәуір күні «Астана Опера» театрының сахнасында өтеді. Бұл күні елордада Қазақстандағы Ресей киносы фестивалі де басталып, фильм көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғасады.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында 23 сәуірде ҚР Ұлттық музейінде екі елдің ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 2025 жылдың 10-13 қазаны аралығында Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы мәдениет күндері өткен еді.

Еске сала кетейік, 4 сәуірде Мәскеудегі Чистые Прудыдағы Абай Құнанбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткен болатын. Бұл күні ескерткіштің 2006 жылы Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен ашылғанына тура 20 жыл толды,