Астанада Қазақстандағы және шет елдердегі халықаралық білім беру бағдарламаларымен таныстыратын жәрмеңке өтті

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада білім қуған қазақстандық жастар үшін халықаралық білім беру бағдарламалары ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылды.

«Кедергісіз білім алу» деп аталатын осымен 9-шы мәрте өткізіліп отырған жыл сайынғы білім беру жәрмеңкесін екі жыл қатарынан ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы ұйымдастырып келеді.

Жәрмеңкеге АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Ресей елдерінен барлығы 18 білім беру мекемесі қатысты. Олардың арасында сондай-ақ, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бар. Жәрмеңке барысында жастар шетелдік бағдарламалар бойынша Қазақстан Республикасында және шет елдерде тегін және ақылы негізде білім алу мүмкіндіктерімен танысты. Халықаралық бағдарламалар бойынша білім алуды ұсынып отырған Халықаралық білім беру орталықтарымен және университеттермен байланысуға болатын мәліметтерді, мемлекет және жекеменшік қорлар ұсынатын білім беру гранттары туралы, Астана қаласындағы тілді үйрету курстары туралы ақпараттар алды. Сонымен бірге, магистранттар мен докторанттарды шетелдік мамандар даярлайтын қазақстандық ЖОО-лар туралы деректер алып, мектептерге, ЖОО-ларға және жұмысқа орналасу үшін өзінің шет ел тілін білу деңгейін тексеретін сертификациялық емтихандарды (TOEFL, SAT, GMAT, DELE, Start Deutshc 1 және 2, Zertifikat Deutshc және т.б.) тапсыру мүмкіндігіне ие болды.

ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпованың айтуынша, өткен жылы өткізілген жәрмеңкенің нәтижесі бойынша 500 жас өрен түрлі шетелдік бағдарламалар бойынша білім алуға өтінімдер жасаған. Жәрмеңке аяқталғаннан кейін де хабарласқандар көп болғандықтан, биыл жастардың саны өткен жылға қарағанда әлдеқайда асып түседі деп күтілуде.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелердің артықшылығы - жастар бағдарламаларды ұйымдастырушылармен жүзбе-жүз кездесіп, қызықтырған сұрақтарына жауапты бірден ала алады.

Айта кетейік, 2003 жылы Халықаралық білім беру орталығының ассамблеясы құрылды. Бүгін оның құрамына 20 мекеме еніп отыр, оның ішінде Халықаралық зерттеулер мен алмасулар бойынша кеңес (IREX), Ресейлік ықпалдастықтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігі, «Білім - Орталық Азия» Білім беру орталығы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, «Астана медициналық университеті» АҚ және басқалары бар.