Астанада қазақстандық боксшы қарсыласын «қорқытып» жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтың бокс кеші аясында қазақ боксшысы Айдос Ербосынұлы әзербайжандық Исмат Эйнуллаевты жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы раундта қазақстандық боксшы көп соққыларды жіберуге асыға қойған жоқ. Қарсыласының аңысын аңду үшін ол алдымен өзіне ыңғайлы қашықтықты таңдап алуға ден қойды. Эйнуллаев бірден шабуылға көшіп, бір сөзбен «қолындағы картаның барлық көзірін көрсетіп қойды». Әзербайжандықтың шама-шарқын білген қазақ боксшысы осыдан кейін басымдық тізгінін өз қолына алған еді.

Бірінші раундтан кейін қазақ боксшысының қарқынынан жасқанды ма - қарсылас команданың тарапы өз боксшысын шаршы алаңға жіберуден бас тартты. Айдос қазақы шапанын киіп, төреші оның қолын көтерді. Бұл жеңіс Ербосынның кәсіпқой бокстағы сегізінші қуанышы. Сегіз айқастың жетеуін Айдос мерзімінен бұрын аяқтаған.