Әубәкір Ысмайылов атындағы көше Республика даңғылы мен Бараев көшесінің аралығында жатыр.
«Әубәкір атамыздың қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі әрқашан да халық есінде қалады. Қарапайым ауыл баласы табиғат берген таланты мен еңбекқорлығы арқасында қазақ өнерін әлемге танытқан өнер тарланы болып өсті. Елордамыздың төрінен қазақ бейнелеу өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың есімімен көше атауының берілуі - суретшінің өнері мен қоғамдағы еңбегін жоғары бағалау болып табылады», - дейді Суретшілер одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Қоңыр Мұхамедиев.
Дәл осы күні «Назарбаев орталығы» ММ-інде келер жылы 100 жылдығы аталып өтетін суретші жұмыстарының көрмесі ашылады.
Көрмеде Астана қаласы қазіргі заманғы өнер мұражайы мен Қарағанды мұражайының қорындағы және Ысмайыловтар әулетінің коллекциясындағы картиналар қойылады. Бұрын еш жерде көрмеге қойылмаған суретшінің шағын акварелді портретін де осы көрме кезінде тамашалауға болады.