Астанада Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының II слеті басталды

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының II слеті басталды.

Биылғы жиынға АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Канада, Қытай, Ресей, Чехия, Испания, Малайзия, Корея және Түркия сияқты елдерден 300-ге жуық делегат қатысып отыр. Олар шетелдегі қазақстандық студенттердің 60 ұйымы атынан келді. Іс-шараның басты мақсаты - шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастардың ықпалдастығын арттырып, оларды Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жұмысына жұмылдыру. Ол үшін слет кезінде сан алуан тренингтер мен семинарларды ұйымдастыру қарастырылған. «Бүгін біз өткен бір жылдың ішінде атқарылған шараларды талқылап, алдағы жоспарларды құру үшін жиналып отырмыз», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының бірінші слеті өткен жылы тура осы уақытта ұйымдастырылған болатын. Оның қорытындысы бойынша Шанхайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы құрылды.