Өскелең ұрпақпен жүздесуге қазақ күресінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Ерлан Естек; қазақ күресінен еңбегі сіңген спорт шебері, самбодан спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы Ғани Сейділдаев; қазақ күресінен спорт шебері, Қазақстан мен Азия чемпионы Дархан Бижанов; қазақ күресінен спорт шебері, Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Жанай Ыбраев; «Барыс» ХК-ның ойыншылары Максим Худяков, Алексей Ишмаметьев; бокстан спорт шебері, бокстан Қазақстан мен Азия чемпионы Ілияс Сүлейменов келді.
Жастардың спортшыларға қойған сұрағы әр-алуан болды. Мәселен оларды, спортшылардың алғашқы жеке-жегі қалай аяқталғандығы, алғашқы жеңілістен кейінгі сезімдері, өз жеңістерін қалай атап өтетіндігі, қазақстандық спорттың деңгейін көтеруге қатысты пікірлері, балаларын спортқа баулу мәселелері қызықтырды.
Жас та болса, бірсыпыра белесті бағындырып үлгерген, әлем деңгейінде Қазақстан намысын жыртып жүрген боксшы І.Сүлейменовтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда спортқа, соның ішінде олимпиадалық ойындарға енген түрлеріне үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Жастарға спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Табандылығы пен патриоттық сезімі бар әр адам Туған елдің көк байрағын биіктен желбіретіп, әнұранды ойната алады.
«Бокс нағыз ерлердің спорты. Ол жеңіл емес, ауырғанына қарамастан төзімділік танытуың керек. Тәжірибе, техника және атақ уақыт өте келеді», - дейді боксшы.
Ал қазақ күресінен спорт шебері, дзюдошын, самбошы Ғ.Сейділдаевтың пікірінше, отандық спортты көтеру үшін спорттық секцияларды көптеп ашу керек.
Кездесу соңында спортшылар спортқа қадам жасай бастаған жастарға жеңілістерге қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеу кеңестерін берді.
Мұндай іс-шараларды өткізу Қазақстан спорт одағының дәстүріне айналды. Еске салсақ, өткен жылы осы сынды кездесулер Қарағанды, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Қызылорда қалаларында өтті. Жанкүйерлерімен Бақтияр Артаев, Максим Раков, Дмитрий Карпов, Асхат Шахаров, Ержан Керімов, Ерік Әлжанов, Аслан Есенов, Нұрболат Ұстыбаев, Венера Тұрғанова және тағы басқа да отандық спортшылар кездескен болатын.
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын насихаттау, бұқараны спортқа етене тарту мақсатын тұтқан кездесуді ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Қазақстан спорт одағы» ЗТБ ұйымдастырды.