Бұл топтың ерекшелігі - оның әр қатысушысы есімі танымал әрі талантты музыкант болып табылатындығында. Жобаның жетекшісі - қобызшы Ғазиза Ғабдрахманова, продюсері - белгілі композитор Ренат Ғайсин, солистері - Виктор Хоменков, Жалғасбек Ілес, Құрманғазы Қалиев, Ермек Дияров, Валерий Насибулин және т.б.
Концертке ежелгі қазақ ұлттық музыка аспаптары - жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс-сырнай, қаурсын-сырнай мен шаңқобызда ойнауды жетік меңгерген инструменталист, сондай-ақ кеңірдекпен ән айтудың шебері Еділ Құсайынов, күйші Секен Тұрысбек пен әнші Ардақ Балажанова қонақ ретінде шақырылды.
Кеш барысында «Ақ сиса», «Гәкку», «Япурай», «Әй-әй бөпем» сынды халық әндері, сондай-ақ Ренат Ғайсин мен Виктор Хоменковтың авторлық шығармалары, қазақ халқының музыкалық мұрасына айналған хиттер қазіргі заманғы музыканттардың қабылдау призмасы арқылы жаңаша орындалады.
The Magic Of Nomads - 2005 жылы құрылған музыканттар ұжымы, этно-фьюжн стильде жұмыс істейді, джазбен және қазіргі заман музыкасының басқа да жанрларымен аралас қазақ халық музыкасын ұсынады. Музыкалық ұжымның жұмысына композитор, фольклорды зерттеуші және ағаш аспаптарда орындаушы Еділ Құсайынов та атсалысуда. Артистердің «Бұлбұл заман» атты алғашқы күйтабағы 2008 жылы Лондонда аңызға айналған Abbey Road студиясында жазылды. The Magic of Nomads тобы кезінде The Beatles, Pink Floyd және басқа да рок орындаушылар өз әндерін жазған лондондық студияда альбомын шығарған Қазақстандағы жалғыз топ. Ұжым көптеген қазақстандық және халықаралық этно- және джаз фестивальдарға қатысқан, музыканттар Нью-Йоркте, Лондонда, Берлинде, Франкфуртта, Ганноверде, Мюнхенде өнер көрсеткен.
Концерт ертең, 23 желтоқсан күні сағат 19:00 Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.