Астанада қазақтың сәндік-қолданбалы өнері бұйымдарының көрмесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 ақпанда ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында шығармашыл жастардың XV республикалық «Жігер» фестивалі сыйлығының иегері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұлттық «Ажар» сыйлығының иегері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаиттың «Ғасырлардың алтын өрнегі» атты жеке көрмесі ашылады.

Көрме музейдің серіктестік жобасы аясында қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің көне дәстүрлері мен тарихи артефактілерге жаңа өмір берген автордың шығармашылығын жан-жақты көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. Айжан Әбдубаиттың шығармашылығы айрықша. Ол көне дәуірлердегі киімдер мен тұрмыс құралдарын қалпына келтіріп, қайта жаңғыртумен айналысады, көне «зерлеу» техникасын пайдаланып, той және ұлттық киімдерді, тұрмыс заттарын жасайды. Автордың айтуынша, кестелеп тоқудың тамыры тереңде жатыр. Қазақтар бұл көркем әдіспен беделді адамдардың салтанатты киімдерін, бас киімдерін, тұрмыстық заттарын әшекейлеген. Қазақтың тұрмысы мен дәстүрлі киім-кешектерін этнографиялық және тарихи тұрғыда зерттеу қолөнер шеберіне тарихи артефактілердің тұтас бір бөлігін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Олардың қатарындағы хан киімдерінің жинағы, Жәнгір ханның әскери мундирі, Фатима ханшайымның бешпенті және қазақ ақсүйектерінің қайта жаңғыртылған күнделікті қолданған заттары жоғары деңгейдегі көркемдік орындалу шеберлігімен қатар ғылыми маңызға ие. А.Әбдубаиттың қолынан шыққан туындылар ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің, Қазақстанның облыстық мұражайларының жинақтарында сақталған.