Астанада кекушин будокай каратэ турниріне 600-ден аса спортшы қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрес шеңберінде 14 және 15 ақпан күндері жыл сайынғы дәстүрлі Astana OPEN VI кекушин будокай каратэ турнирі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Турнир құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жастар арасында тәртіптілік, жауапкершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Астана — есірткісіз қала» әлеуметтік маңызы бар жобасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылады.

— Жарысқа әртүрлі бағыттағы үздік спортшылар қатысады, ал іс-шара қаланың спорт күнтізбесіндегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ.  Спортшылар Ката және Кумитэ бойынша шеберліктерін көрсетеді. 600-ден астам қатысушы татамиге шығуға ниет білдірген. Биыл турнирге Қазақстанның 15 өңірінен өкілдер қатысады, — делінген хабарламада.

Жарысты Астана қаласының «Кекушин Будокай Каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігі, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.

Турнирдің ресми ашылуы 15 ақпан күні сағат 16:00–де Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 18 мекенжайында орналасқан Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтеді.