Астанада келесі маусымға шығатын шорт-трекшілер құрамасы анықталып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстанның екі бірдей чемпионаты өтіп жатыр. Шорт-трек және конькимен жүгіру спортының шеберлері маусымдағы шешуші сайысқа шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шорт-тректен өтіп жатқан бұл сайыста келесі маусымда өнер көрсететін ұлттық құраманың спортшылары анықталатын болады. Мұз айдынына ел ішіндегі турнирлерге екі маусым қатарынан қатыспаған Қазақстан құрамасының кіл мықтылары  шығуда. Шетелде жаттыққан команда, жердің шалғайлығына байланысты елдегі жарыстарға келе алмай жүрген.

Ал конькимен жүгіруден классикалық көпсайыс спортының шеберлері үшін бұл турнир аса үлкен жауапкершілік жүктеп тұрған жоқ. Негізгі жарыстар бұған дейін өтіп кеткен, айтулы спортшылар да қатысып жатқан жоқ.

 Қос чемпионаттың қорытындысы екі жарыс күні мәресіне жеткен соң анықталады.