Астанада кеміргіштерді жою шаралары басталды

Фото: dreamstime.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы көктемгі дератизация жұмысын өткізуді бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар жеке секторды және ашық аумақтарды (саябақтар, зираттар, өзен жағасы, су қоймалары мен каналдар) қамтитын болады.

Тұрғындар арнайы улы препараттарды тегін алады, сондай-ақ сол жерде қауіпсіздік жөнінде нұсқаулары өткізіледі. Мамандар тұрғын үйлерді 3 тур (дезинфекторлар жеке секторларға 3 рет кіреді) бойынша өңдейді. Оның барысында 28 мыңнан астам тұрғын үйді өңдеу жоспарланып отыр.

Үй иелері сақтық шаралары туралы ұмытпау керек және улы препараттарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде: жертөлелерге немесе үйдің төбесіне орналастыру керек.

Сондай-ақ дератизация ашық алаңдарда жүргізілетін болады. Улы препараттарды орнату өзендердің, каналдардың, су айдындарының маңында, зираттарда, саябақтарда жүргізіледі. Өңделетін ашық аумақтардың ауданы 3264 гектарды құрайды.

Дератизация ҚР-да қолдануға рұқсат етілген құрамында бромадиолон және бродефор препараттарын қамтитын дән түріндегі улы препараттарды пайдалана отырып жүргізіледі.

Мұндай шаралар кеміргіштер санын азайту және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін қажет.