Астанада кемтар балаларға арналған бақшаға сау балалар қабылданған - прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада дені сау 36 бала арнайы органдардың жолдамасының болмағанына қарамастан, көздері нашар көретін балалар бақшасына қабылданған. Сондай-ақ жүріп тұру мүмкіндігі шектелген балаларға арналған балашаға сол мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің 4 баласы барып жүрген. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінде Астанада мүгедек балалар үшін арнайы білім беретін 32 білім мекеме мен 22 денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді. Прокурорлық тексеріс кезінде балаларға әлеуметтік-медициналық педагогикалық қолдау көрсетуге арналған ұйымдардың жұмысындағы проблемалар мен кемшіліктердің орын алғандығын көрсетті.

«Қаладағы 3 ПМПК-ның бір де біреуінде жеке үй-жайы, материалдық базасы нашар,балаларды тексеруге алып баратын көліктер жоқ. Барлық 3 ПМПК-да, 2 оңалту орталығында және бірқатар білім беру мекемелерінде бөлмелерінің санитарлық нормаларға сәйкес келмеу себептерінен медециналық қызмет көрсетуге мемлекеттік лицензия берілмеген. Балалармен жұмыс істеу үшін білікті мамандардың, атап айтқанда сурдологтар, логопед, тифло және сурдопедагогтардың тапшылығы мәселесі өршіп тұр. Астана бойынша жалғыз жалпы орта білім беру арнайы мекемесі - кемтар балаларға арналған арнайы түзету мектеп интернаты балалардың оқуымен тұруына толық жағдай жасалынбаған ғимаратта орналасқан» делінген хабарламада.

Бұған қоса, прокурорлар тексеріс барысында мүгедек балаларға арналған арнайы ұйымдарға қабылдаудың тәртібін реттейтін заңнама талаптарының сақталмай отырғанын анықтады.

«ПМПК-ның жолдамасы мен кемістігі жоқ 36 бала (балабақша қызметкерлерінің балалары) көздері нашар көретін балалар бақшасына қабылданған, жүріп тұру мүмкіндігі шектелген балаларға арналған балабақшаға қызметкерлердің 4 дені сау баласы барып жүргендігі мәлім болды. Осыған орай, прокурорлық тексерістің қорытындысы бойынша 38 прокурорлық қадағалау актілері соның ішінде 23 ұсыныс, 5 наразылық, енгізіліп ,10 әкімшілік іс қозғалып, 30 тұлға жауапкершілікке тартылды» делінген баспасөз мәлімдемесінде.