Астанада Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті

АСТАНА.  Қарашаның  11-і.  ҚазАқпарат /Гүлнәр  Жандағұлова/ - Сейсенбі  күні  Астанадағы Президенттік  мәдениет  орталығында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған салтанатты  кеш өтті.

«Кенен  Әзірбаев сал-серілердің соңғы тұяғы болған,     Біржан  сал мен  Ақан  сері сияқты  қазақтың  ұлы   ақындарының   үздік  дәстүрін    жалғастырушы  ақын, композитор  еді.   Қазақстан   тарихында тұңғыш рет    ақын туындыларының,  аңыздары мен дастандар жинағының    төрт томы  жарық көреді.  Бұл   бүкіл қазақ  халқы үшін  үлкен  мереке», -  деп  атап көрсетті  Мәдениет  және ақпарат  министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде.   

Кеште көрермендерге ақиық ақын туралы сыр шертетін бейнекөрініс көрсетіліп, дәйекті фотодеректер ұсынылды.   Сондай-ақ,    жиналған қауым  ақынның  «Бозторғай» әнінің    жазбасын тыңдап,  «Туған  жер»  әнінің бейнежазбасын тамашалады.

Шараға композитордың соңынан ерген ұрпағы -   төрт баласы мен   немерелері  қатысты. Концерттік бағдарламада   Бекболат Тілеухан,  Рамазан  Стамғазиев,  Алтынбек Қоразбаев  сынды        орындаушылар   Кененнің  әндерін орындады.

Кенен Әзірбаев - сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз: жырау, ақын, жыршы, күйші, әнші, сазгер, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Бүгінгі күні Кенен Әзірбаевтың әндерін барлық қазақ әншілері шырқап келеді.

Тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Кенен ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты.