Астанада Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты музыкалық кеш өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, аталған іс-шара композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, республикалық деңгейде өткізілген алғашқы іс-шаралардың бірі саналады.

Концерттік бағдарламада композитордың ел жүрегінен орын алған таңдаулы шығармалары орындалды. Атап айтқанда, «Сәлем саған, туған ел», «Ойлайсың ба, жаным», «Домбыра туралы баллада», «Өкінбе сен», «Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай, «Анаға хат», «Айнакөл» және т.б. туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Іс-шарада қазақ эстарадасының белгілі қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары шығармашылық ұжымдар және «Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

Кеңес Дүйсекеев – қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей туындылардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған көрнекті композитор.

Аталған кешке композитордың жары Баян Дүйсекеевa мен ұлы Нұркен Дүйсекеев арнайы қонақ ретінде қатысты.

Айта кетейік, Брюссельде Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэтикалық іс-шара өтті.