Астанада Керей мен Жәнібек хандардан бастап, тәуелсіздікке дейінгі ірі оқиғалар суреттелген әдеби-сазды кеш өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 4 желтоқсан күні Астана ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Азаттықтың ардағы» атты әдеби-сазды кеш өтеді, деп хабарлады аталған басқарманың баспасөз қызметінен.

Шараның басты мақсаты - тәуелсіздік құндылықтарын ұлықтау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және тіл мәртебесін көтеру, мерейін арттыру.

Әдеби-сазды кеште Керей мен Жәнібек хандар тұсындағы қазақ мемлекетінің құрылған уақытынан бастап, тәуелсіздік алған күнге дейінгі қазақ халқының басынан кешкен ірі оқиғалары, Абайдың ұлағатты сөздері оқылып, Алаш қайраткерлері туралы көріністер қойылады. Оны Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық дарама театры әртістері сахналайды. «Аталған шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қала тұрғындары шақырылып отыр», делінген хабарламада.