Әп-сәтте басталып кеткен оқиға құдды бір атыс-шабыс фильмнің желісіне ұқсап кетті. Жас жігіт белгісіз адамнан пакет алып, оқиға орнынан кеткелі жатқан кезде оның алдынан қаржы полициясының қызметкерлері шыға келді. Не болғанын түсінген жігіт қоршаудан сытылып, жолында кездескен адамдарды шалып, шығаберіске қарай жүгіре жөнелді. Дегенмен, кеш «қаһарманын» ғимараттан сыртқа шыға берер тұста қаржы полициясы жетіп алды. Құқық қорғаушылар қашқынның қолын бұрап, қылмыскер қолға түскен жерді бірден қоршап тастады.
Сауда орталығының қауіпсіздік қызметкерлері болса, ғимараттың бүйіріндегі кіреберісті жауып тастады. Болған оқиғаны көруге орталықтың ішіндегі және сыртындағы адамдар ағылып келіп жатты. Не болғанын білмек болған кезде орталық күзетшілері фильм түсіріліп жатыр деп қысқа қайырды.
Жедел қызмет өкілдері орын алған жайтқа байланысты тіс жармады, барлығы ресми хабарламаларда белгілі болатындығын ғана мәлім етті.
Белгілісі, іс-шараны Астана қаласы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері жүргізген. Ал ұсталған азамат алдын ала мәліметтер бойынша сот орындаушысы болып қызмет атқарады.