Шағын сауда дүкенінде халық көп тұтынатын азық-түлік түрлерінің бай ассортименті қойылған. Атап айтқанда, көкөністер, ет және сүт өнімдері, нан өнімдері, өсімдік майы және тағы басқалар.
Дүкенге 118 әртүрлі мекемелер тауар жеткізсе, оның 30-ы Ақмола облысының тауар өндірушілері, яғни саудаға қойылған тауардың 800 түрі осы өңірден тікелей жеткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүкеннің ерекшелігі жоғары сапалы азық-түлік пен бағаның қолжетімді болуы.
Осымен 5-інші сауда нүктесінің ашылу рәсіміне Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысты.
«Дүкеннің басты артықшылығының бірі - тауар өндірушіден сатып алушыға тікелей жеткізілуі. Одан бөлек, бағаның қолжетімді болуы. Атап айтсақ, еттің бағасы Астана нарығынан 20% арзан, ұн 45% арзан, сол секілді басқа тауарлар да осындай төмен бағамен сатылады. Бұл бір жағынан елорда халқын сапалы әрі қолжетімді азық- түлікпен қамтамасыз етсек, екінші жағынан Ақмола облысы тауар өндірушілерінің Астана нарығына тікелей шығу мүмкіндігі кеңеюде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табады», - деді елорда әкімі.
Осы ретте ақмолалық тауар өндірушілер алдағы жылы қала бойынша тағы 2 сауда нүктесінің ашылатынын айтып өтті.
Айта кетсек, жаңадан ашылған «AQMOL» азық-түлік дүкені қаладағы Сығанақ көшесі, 5\4 («Мисон» тұрғын үй кешені) мекенжайы бойынша ашылды.