Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қамал Бұрханов, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, ғалымдар мен ҚХА сарапшылар қауымдастығы, аталмыш еңбектердің авторлар ұжымы мен редакциялық алқа мүшелері, этномәдени бірлестіктер, БАҚ өкілдері қатысты.
«Бұл еңбектер ең алдымен жас ұрпақтың тарихи санасын оятуға себепкер болады. Өйткені тарихи сана мемлекеттік сананың негізін қалайды. Сонау қиын-қыстау замандарда бір үзім нанды әзер тауып жеп отырған қазақ халқы жер аударылған барлық ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алды. Бірлік-берекеде өмір сүріп, барлық қиындықтарды жеңіп шықты», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қамал Бұрханов.
Айта кетейік, «Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тарихында» атты еңбек Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығына арналады. Кітапта Ассамблея, оны құрған адамдардың, барша халықтың, елдің тарихи тағдыры тұрғысында дәйекті жазылған. Аталған басылымдар мемлекет және саяси қайраткерлердің, дипломаттардың, мәдениет қайраткерлерінің, ҚХА мүшелері мен спортшылар, қазақ диаспоралары өкілдерінің сұқбаттары негізінде әзірленген.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі ғалымдарының авторлық ұжымымен ұсынылатын бұл еңбекте ұлттық бірлік құндылықтарының негіздері, қазақ халқының толеранттылығы, этносаралық қатынастар саласын реттеудің қоғамдық-саяси институты ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы мен дамуының 20 жылдық кезеңінің негізгі белестері баяндалады. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі кезде халық өкілділігінің институты ретінде сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілді.
Тиісті еңбектер гуманитарлық ғылым мамандарына, ғалымдар мен сарапшыларға, мемлекеттік қызметкерлерге, шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға және этносаясат мәселелеріне қызығушылық танытқан оқырмандардың көпшілік қауымына арналған.