Астанада киберқылмыскерлер 28,4 млн теңгені белгісіз шоттарға аударған

Фото: Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Тергеу кезінде Д. есімді азаматтың депозиттік есепшотынан 28,4 млн теңге белгісіз адамдардың есепшоттарына заңсыз аударылғаны анықталды.

— Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана қаласында үш адам ұсталды. Олардың екеуі — Ақтау қаласының, біреуі — Қарағанды облысының тұрғыны. Тергеу нәтижесінде күдіктілердің есепшотына жәбірленушінің ақшасы түскені белгілі болды. Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Ақтау қаласының тұрғыны жасырынып жүрген жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген ведомство хабарламасында.

ІІМ мәліметінше, қазір тергеу жалғасып жатыр.

Бұдан бұрын бірнеше облыста қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар табылғанын жаздық.