Астанада киіз басу өнерінің дәстүрлі әдістерін ұсынатын көрме ашылды

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Рамада Плаза қонақ үйінде «Қорған мүйіз» атты киізден жасалған өнер туындыларының көрмесі ашылды.

Көрме авторы - қазақстандық суретші Зәмзәгүл Оралбаева.

«Бұл көрме қазақтардың ұлттық тұрмыс салтынан шыққан көне киіз басу өнерін дәріптейді. Бұл бізге қанмен, ана сүтімен келетін дүние, ұлттық жәдігеріміз. Сондықтан халық үшін киіз басу өнері - қызық тақырып. Әрине, ол - азабы мол еңбек, материалдың өзіндік ерекшеліктері де бар, алайда онымен жұмыс істеу аса қызық», - дейді З.Оралбаева «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, көрмеде 20 авторлық жұмыс ұсынылып отыр. Жалпы киізден жасалған 30-40 дүние өзге мемлекеттерде ашылған көрмелерде тұр.

«Маған ұстаздық еткен суретші Галина Гончарова болатын. Ол кісі де бұрын өзі ауылдарға барып, бұл өнердің қыр-сырын зерттеген. Мен де ауылда киіз басуды үйреніп жүрдім», - дейді суретші.

Өз еңбектерінде автор дархан даланың, кең сахараның мотивтерін беруге тырысқан. Және өзіне жақыны да сол көрінеді.

«Әрине, менде заманауи әлемдік тақырыптарға жақын дүниелер бар, бірақ көбіне-көп мен қазақтың ұлттық нышанын білдіруге көп көңіл бөлемін», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар суретші көрменің атауы неліктен «Қорған мүйіз» деп қойылғандығын айтып берді. Оның айтуынша, қазақтардың киізден жасалған кілемдерінің ең көп тарағаны - байлықты, гүлденуді, молшылықты білдіретін «қошқар мүйіз» ою-өрнегімен кестеленген кілемдер. Көрмені «Қорған мүйіз» деп атай отырып, автор мемлекет пен пен қоғамның назарын қазіргі қазақ декоративтік-қолданбалы өнердің, оның ішінде киіз басу өнерінің өзекті мәселелеріне аударуға тырысқан.

«Қошқар мүйіз - ұлттық өрнектеріміздің ішінде қазақ халқының төл нышаны. Сырмақта да, текеметте де бұны біздің әжелеріміз қолданған. Сондықтан «Құтқарушы мүйіз» деп аталуының өзі біздің ұлттық өнеріміздің құтқарушысы деп ырымдап қойдық. Міне, соны дамыту үшін, құтқару үшін біз «Дала арулары» атты қоғамдық қор құрып отырмыз. Осы көрме ұйымның ресми таныстырылымына орай ұйымдастырылып отыр. Біздің өнеріміздің адымы қазіргі уақытта баяу. Соны әлемдік деңгейге көтерсек, қоғам болып дамытсақ, әйелдерді, келіншектерді үйретсек нұр үстіне нұр», - деп түйді сөзін З.Оралбаева.