Астанада қылмыс деңгейі 9 пайызға төмендеді
АСТАНА.KAZINFORM – Елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қала әкімдігінде өткен жиында хабарлады.
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде елордада тіркелген қылмыстар саны 9 пайызға азайды. Атап айтқанда аса ауыр қылмыстар; адам өлтіру, зорлау, қарақшылық, бұзақылық фактілерін ашу көрсеткіші артты, – деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, есірткі қылмыстары мен көлік ұрлығы сынды ауыр санаттағы құқық бұзушылықтарды ашу көрсеткіші де жақсарған.
– Интернет алаяқтығына қарсы іс-қимыл шараларының арқасында онлайн қылмыстар саны қысқарып, оларды әшкерелеу деңгейі артты. Бұл бағытта 77 адам мен 3 қылмыстық топ ұсталды. Сондай-ақ, 450 жалған хабарландыру мен құқыққа қарсы интернет-ресурстар бұғаттауға жолданды. Прокуратура «Қазақтелекоммен» бірлесіп, екі колл-орталықтың жұмысын тоқтты, – деді Марат Төлебаев.
Спикердің айтуынша, нашақорлыққа қарсы күрес шеңберінде «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы іске асырылып жатыр.
– Есірткімен күрес тәсілдері жаңартылып, онлайн ортада таралатын есірткі арналарына тосқауыл қою жұмысы күшейтілді. Аталған бағытта 488 интернет-ресурс бұғаттауға жіберіліп, 48,5 млн теңге көлеміндегі қаражат пен 1792 банк картасы тәркіленді. Заңсыз есірткі жарнамасына байланысты 8 қылмыстық іс қозғалды, – деді департамент басшысы.
Жалпы, жыл басынан бері есірткіге қатысты 528 құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, оның ішінде 131 іс – сату дерегі ретінде танылған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы артқан. Сонымен қатар, есірткі бизнесімен айналысқан үш қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылған.
Бұған дейін, Жасанды интеллект «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне біріктірілген және тергеушінің күнделікті жұмысын автоматтандыруға көмектесетінін жазғанбыз.