Астанада «KIOSH-2015» халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-29 сәуірде Астанадағы «Көрме» көрме орталығында Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орай V қазақстандық халықаралық конференциясы және еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2015» көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.

«KIOSH-2015» конференциясы өндірістік жарақат пен кәсіби аурулардың алдын алу және профилактикасы, сонымен қатар тиімді шешімдер қабылдау бойынша маңызды мәселелер талқыланатын ірі пікірталас алаңы болып табылады. Конференция мақсаты - кәсіпорындарда жарақаттанушылықты, өндірістік апаттарда тәуекелді төмендету, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін қауіпті азайту, еңбек өнімділігін арттыру бағытында мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, «Атамен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстандағы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының өкілі Мелита Вуйнович, Халықаралық еңбек ұйымының ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов және тағы басқалары қатысады. Ал KIOSH көрмесінде құрылыста, энергетикада, химиялық өндіріс салаларында, тау-металлургиялық, мұнай-газ салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған кешенді өнімдер мен қызметтер ұсынылады. Еске сала кетейік, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды арттыру мақсатында Халықаралық еңбек ұйымының шешімімен 28 сәуір Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күні болып бекітілген.