Астанада кітапқұмар қауым мен сурет өнерін бағалайтындарға арналған кеш өтті

АНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазанның 22-сі күні, кешқұрым елордадағы «Астана» (Интерконтиненталь) қонақүйінде Ирина Серкебаеваның «Орта жастың күйзелісі (шынтуайтында жоқ)» атты кітабының таныстырылымы және танымал қазақстандық суретшілер Балнұр Асанованың,

Гүлжамал Тәгенованың және Владимир Григорьянның еңбектері қойылған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 2001 жылдан бері Америка Құрама Штаттарында тұратын И.Серкебаева осыдан екі жыл бұрын қазақстандық жұртшылықтың назарына «Әкесінің ерке қызының хикаялары» кітабын ұсынған болатын. «Орта жастың күйзелісі (шынтуайтында жоқ)» кітабы, 2007 жылдан бері жазушының және оның жақындарының басынан өткен оқиғалар, сондай-ақ олардың ішкі толғаулары мен күйзелістері негізінде жазылған 22 әңгімеден құралған. Ал алдағы уақытта оқырмандар И.Серкебаеваның өзінің әкесі, әлемге танымал баритон Ермек Серкебаев туралы жазған кітабын оқитын болады.

 Автордың айтуынша, жинаққа енген әңгімелердің басты тақырыбы - әйелдер, олардың психологиясы, ішкі және сыртқы сұлулықтарының үйлесімдігі және керісінше, үйлеспеушілігі. «Орта жастағы адамдардың күйзелісі болмайды. Бұл тек адамның өзін-өзі соған сендіруі. Өзіңе қандай көзқараста болсаң, айналаңдағылар сені солай қабылдайды»,  дейді ол.

 Автордың бұл сөзін, кешті ашқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова да  құптап, «күйзеліс - адамның ішкі дүниесінде махаббаттық сезімдерге орын қалмаған кезде ғана басталады»,  деген ойын білдірді. 

 Кітапқа енген әңгімелердің тақырыбын одан әрі аша түсіп, толықтыру үшін шығармаға танымал суретші, «Сымбат» сән үйінің дизайнер-модельері Балнұр Асанованың бірқатар туындылары енгізілген. Б.Асанова сондай-ақ кітап мұқабасы дизайнының авторы.

 Кешке келушілер Б.Асанованың, аталмыш «Сымбат» сән үйіне тиесілі Сән академиясының ұстаздары болып табылатын Гүлжамал Тәгенова мен Владимир Григорьян суреттерінің көрмесін тамашалай алды.

 Б.Асанованың «Қалалардағы күз», «Терезе алдындағы гүл», «Түнгі қала» және қойылған басқа да барлығы 20-ға жуық суреті адамдардың ішкі дүниесін көрсетуге бағытталған болса, В.Григорьянның «Жабайы жүзім», «Соломей биі» және басқа да (барлығы 13 сурет) туындылары натюрморт, пейзаж және портрет жанрында салынған. Ал Г.Тәгенова өзінің «Сыған қыздар», «Түнгі қала», «Гүл», «Қалыңдық» атты (23 сурет) еңбектерінде ашық әрі қанық түсті бояулармен қазақ қыздарының образдарын, күн нұрын, судың ағысы мен ауаның қозғалысын бейнелеуге тырысқан.