Астанада қытай тілінен әлемдік байқаудың республикалық кезеңі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қытай тілінен әлемдік байқаудың республикалық кезеңі басталды. Ел өңірлерінен іріктеліп келген қатысушылар бұл сыннан өтсе, халықаралық кезеңге жолдама алады.
Мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы бүкіләлемдік «Қытай тілі көпірі» байқауының Қазақстан бойынша ақтық кезеңі елордадағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатыр.
— ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында қытай-қазақ қатынастары жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа биігіне көтерілді, жаңа «алтын отыз жылдықтың» басталуына жол ашты. Екі ел арасындағы экономика, сауда, ғылым мен технология, білім беру, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік тереңдей түскен сайын, қытай тілін меңгерген және Қытайды жақсы білетін сіздер, жастар, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көпірі, байланыстырушы буыны және жаңа күші боласыздар, — деді байқаудың ашылуында сөз сөйлеген ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь.
Байқау бұған дейін облыстар мен қалаларда өтіп, республикалық кезеңге 30 оқушы, 30 студент жолдама алған. Ал бүгінгі сыннан өткен 2 оқушы мен 2 студент Қытайда өтетін финалдық кезеңге жолдама алады.
— Байқауда үш түрлі тапсырма болады. Біріншісі — тест, онда қатысушының Қытай тілін, мәдениетін, географиясын және Қазақстанмен байланысын қаншалықты білетіні анықталады. Екіншісінде қатысушы өзінің Қытай әлемімен қалай танысқанын баяндап, эссе жазады. Үшіншісінде өзінің бір ерекшелігін, өнерін көрсетеді, — дейді Конфуций институтынан тәжірибеден өтуші әрі Еуразия ұлттық университетінің студенті Анастасия Лифорова.
Байқауда «ең талантты» деген де аталым бар екен. Ол байқаудан орын алмаған, бірақ өнерімен жұртты таңғалдырған қатысушыға беріледі.
Айтулы сынға бақ сынағалы келгендердің бірі — Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курс студенті Арайлым Жақсылыққызы. Ол Kazinform агенттігіне өзінің қытай тілін үйрену барысындағы азғантай жетістігімен бөлісті.
Байқау бүгін кешке аяқталып, жеңімпаздарға жолдама үлестіріледі.
Бұған дейін Ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар құрылатыны белгілі болды.