Көрменің ашылуында Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь өркениеттер арасындағы өзара алмасу бейбіт даму мен ынтымақтастықтың негізі екенін айтты.
— Өркениет алуан түрлілігімен құнды, өзара алмасу арқылы тоғысады, өзара ықпалдастық арқылы кемелденіп, дамуға жол ашады. Қытай ұсынған Жаһандық өркениет бастамасы әлем өркениеттерінің алуан түрлілігін құрметтеуге үндейді, — деді елші.
Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстан мәдени мекемелер арасындағы байланысты күшейтіп, гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.
— Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі Қытай мен Қазақстанның мәдени мекемелері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі елдің гуманитарлық саладағы алмасуы мен ынтымақтастығын тереңдетуге барынша қолдау көрсетіп, барлық қажетті көмекті ұсынатын болады, — деді Хань Чуньлинь.
Көрме аясында Қытайдың дәстүрлі жібек мәдениеті мен заманауи жібек өнерін ұштастырған бірегей туындылар ұсынылды.
Экспозиция келушілерді ежелгі Жібек жолының мәдени мұрасы мен қазіргі дизайнерлік сәнмен таныстырады.
Айта кетейік, бүгін Астана күні қарсаңында экологиялық жобалар көрмесі мен фестиваль ұйымдастырылған болатын.