Астанада қызылшамен ауырғандардың 95 пайызы вакцинадан бас тартқан

Елордада балалар арасында қызылша ауруы кеңінен тарап жатыр. Қалалық санитария қызметі ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

Астана қаласының мемлекеттік санитария қызметінің мәліметіне сенсек, 511 адамнан қызылша табылған. 

Оның ішінде 17,4 пайызы — ересектер, 14 адам — 15-19 жастағы жасөспірімдер, қалған 408 науқас — 14 жасқа дейінгі балалар. 

Ақпаратта айтылғандай, қызылша көбіне 4 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп жатыр.

Қызылшамен ауырғандардың тек 4,5 пайызы — екпе алғандар. Қалғаны вакцинадан бас тартқан.

«Ұлттық профилактикалық күнтізбеге сәйкес қызылшаға қарсы екпе егу жылына 2 рет жүргізіледі. Науқан 1-6 жастағы балалар арасында өтеді. Қызылша — өте жұқпалы ауру. Ұжымда, мектепте, мектепке дейінгі ұйымдар мен ЖОО-да вакцина алмағандар арасында тез таралуы мүмкін», — деді Астана қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елордада қызылшаның таралу жағдайы тұрақсыз.