Елордада Нұра ауданы әкімінің аппараты аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы және Астана қаласының Тұрғын үй басқармасымен бірлесіп, қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында кәсіпкерлер мен нысан қызметкерлеріне электр желілері мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, газ баллондарын қолдану талаптары, мангалдарды қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілді.
Сондай-ақ нысандарда жарамды өрт сөндіру құралдарының болуы мен өрт дабылы жүйесінің жұмысқа қабілеттілігіне ерекше назар аударылды.
— Екі қабаттан жоғары тұрғын үй кешендерінде газ баллондарын пайдалануға жол берілмейді. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындары асханаларында газ баллондарын қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Біз кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндіру жүргізіп, өрттің алдын алу шараларын күшейтіп келеміз, — деді Нұра ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Абай Қабыкенов.
Бұған дейін Астанада заңсыз алкоголь саудасына қарсы бақылау күшейтілгені белгілі болды.