Астанада қоғамдық орындарды ластаушылармен қатаң күрес жүргізілуде - Прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Астана қаласында қоғамдық орындарды ластауға байланысты құқық бұзушылықтарға қарсы бағытталған қатаң күрес жүргізілуде.

Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 330 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Ұсақ бұзақылық қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиісу, тұрғынжайларды ластау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңірегіндегілерді сыйламаушылықты білдіретін басқа да осындай іс-әрекеттер болып табылады. Аталған әрекеттер үшін Заңмен 3-10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Ал егер аталған әрекеттерді 1 жылдың ішінде қайталап жасайтын болса, онда 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген», - делінген баспасөз хабарламасында.