Астанада қоғамдық орындықтар сыйлық ретінде сатыла бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Сарыарқа» ауданының әкімдігі ерекше акцияны қолға алды. Енді кез-келген адам өз атынан қаладағы көрікті жерлерге қоғамдық орындық сыйлай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық медиа орталыққа сілтеме жасап.

Бүгін «Сарыарқа» ауданы әкімдігі Урбанистика орталығымен бірлесе отырып «Астана тарихында өз есімінді қалдыр» атты қайырымдылық марафонын қолға алды.

Енді елорда тұрғындары қалымыздың саябақтарына, скверлеріне және Есіл жағалауына өз аты жазылған немесе отбасылық атаулы күнге арналған ескерткіш тақтайшасы бар орындық сыйлай алады.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, осылайша Астана тұрғындары өзінің сүйіктісіне, отбасылық атаулы күнге, жанұялық мерекелерге арнап осындай қоғамға пайдалы сыйлық жасай алады.

Бүгін «Сарыарқа» ауданының әкімдігі аталмыш акцияны қолдаған азаматтарға атаулы сертификаттар табыс етті.

«Жолдасым екеуміз осы Есіл жағалауында таныстық. Ол орындықта телефонмен сөйлесіп отырды, мен келіп жанына жайғастым. Сүйтіп өмірлік серігімді осы Есіл жағалауындағы орындықта жолықтырдым. Қазір екі кішкентайымыз бар. Сол себепті осы акцияны қолдадым. Және басқада жастар тура осы біздің атаулы орындығымызда өмірлік серіктерін жолықтырар деген ниетте бар», - дейді сертификат иесі Әлібек Сисембин.

Қала көркін бұзбау үшін орындықтар белгілі бір стандартқа сай жасалуы тиіс. Егер осындай сыйлық жасауға ниеттілерге Урбанистика орталығының сайтында орындықтардың онға тарта үлгісі және бағалары көрсетілген.