Астанада қоғамдық тәртіп тәулік бойы қадағаланады

None
АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қаласында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Қазір елордамызда кешкі және түнгі уақытта патрульдік жасақтар саны арттырылып, кезекшілік жұмыстары тәулігіне үш ауысым бойынша жүзеге асырылады. Ал күн сайынғы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сақшылар саны 1 мың 160 адамға жеткізілді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, үш ауысым бойынша жүргізілетін кезекшіліктің үшінші ауысымына өзгелерінен ерекше назар аударылған. Бұл уақытта кезекшілікке полицияның негізгі күші шығады. Сонымен қатар ұтқыр автоэкипаждардың жұмысы жолға қойылып, олардың бағыттары көңіл көтеру орындарындағы жағдайды бақылауға бағытталып отыр. «Қала шетінде салтатты патрульдер саны көбейді. Учаскелік полицейлер ойын-сауық орындары орналасқан аумақтарды және қала көшелерін кешкі және түнгі мезгілдерде ұдайы тексеріп отырады», деді Е.Уәли.