Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Көкпар ойыны түрік халықтарына ортақ болғандықтан, оны бірлесіп дамыту, халықаралық спорт дәрежесіне жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биылғы жылы қыркүйектің 10-15 аралығында Көкпардан I-ші Ашық Азия чемпионатын өткізуді өз қолына алды. Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған чемпионатқа Азияның 8 мемлекеттері: Ауғанстан, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері қатысып, 4 күн бойы өзара бақ сынасады.
Қауымдастық ұйымдастырып отырған чемпионаттың ашылу салтанаты үлкен мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастырылып, оған еліміздің лауазымды тұлғалары мен зиялы қауымы қатысады. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылып, қазақтың спорт шеберлері қатысатын шеру ұйымдастырылады.