Астанада қоқыс жәшігіне түспей қалған сағыз үшін айыппұл салып қана қоймай, қамауға алуы мүмкін - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 ***

Бүгін Дүниежүзілік ғарышкерлер және авиация күні. Осы айтулы датаға орай «Егемен Қазақстан» газеті «Болашақ - ғарышта» тақырыбымен басқан мақаласында «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжейлі-тегжейлі жауап берген ол: «Ғарыш сала­сы­ның халыққа беретіні өте көп. Біріншіден, Жерді қашықтықтан зерттеу жүйесін алатын болсақ, біздің ғарыш аппараттарымыз ас­панға ұшқанда, біз Қазақстанның аумағын ай сайын бір рет суретке түсіріп, қай жерде қандай кем­ші­лік бар, қандай апаттардың болуы мүмкін екендігін анықтай аламыз. Осы қыс өте қарлы болды. Шардара, Көксарай су қойма­ла­рын­да, Алматының Жоңғар қақ­па­ларында қалың қар түсті. Біз­дің ғарыш аспаптарымыз дайын болса, біз дер кезінде ақпарат бе­ріп отырамыз. Халықтың төтен­ше жағдайдан аман болуына кө­мегін тигізеді», - дейді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, 24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Бұл сынға Қазақстан құрамасының бапкерлері жас зілтеміршілерге үлкен сенім артып отыр. Себебі, негізгі құрамдағы толағайлар мамыр айында Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде. Ал ел біріншілігінен соң, Олимпиада ойындарына кімнің баратыны түбегейлі белгілі болмақ. Мақала «Ауыр атлеттер Азияға барады» деген тақырыппен берілген.

***

«Мемлекет қолдауымен қайта құрылымдауды жүйелі жүзеге асырған Альянс Банкі тұрақты даму жолына түсті. 2011 жылдың қорытындысы бойынша банк активтері 24 пайызға, несие қоржыны 30 пайызға артты. Депозиттік база көлемі 41 пайызға өсіп, банк пайдасы 40 миллиард теңгеге жуықтады», - деп жазады «Айқын» газеті «Орындалған уәде тұтынушылар сенімін оятты» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 2012 жылы Альянс Банкі активтері мен міндеттемелер өсімі 19 пайызды, депозиттік қор­жын өсімі - 20 пайыздан аса көрсеткішті және несиелік қоржын өсімі - 17 пайызды құрайды деп жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын жариялаған соң іле-шала өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін бөлінген жер телімдерін түгендеу жөнінде тапсырма берді. Қазіргі күнге дейін республика бойынша берілген 350 мың жер телімінің 315 мыңы зерттеліп, түгендеуден өткен. Содан 27 мың жер телімінде тексерулер жүріп жатыр екен. Солардың қорытындысы бойынша 4689 жер телімінің бас­тапқы айқындалғанынан басқа мақсаттарда немесе заңбұзушылықтармен пай­даланылып жатқандығы анықталған. Олар жөнінде заңға сәйкес шаралар басталып, 595 жер телімінің құжаттары иесіз мүлік ретінде есепке қоюға жібе­рілсе, 160 жер телімінің материалдары мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін Жер ресурстарын басқару агенттігінің ай­мақтық инспекцияларына беріліпті. Түйіткілді мәселе «Айқын» газетіндегі «Телміртіп қойған телімдер» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.

***

Бас шаһар - Астананың мәртебесі де, алар орны да ерекше. Ол солай болуы да керек. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  бағаналы орда - басты орданы дамыту мәселесіне үнемі ерекше мән береді. Кешегі елорданың Тәуелсіздік сарайында өткен Астананы одан әрі дамытуға арналған жиынның өзі бұған айғақ. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетіндегі "Бас қала - басқаларға үлгі болуы тиіс» деген тақырыптағы мақалада жазылған. «Әдеттегідей Мемлекет басшысының өзі жетекшілік еткен алқалы отырыста қала әкімі баяндама жасап, Президент бас шаһардың бүгінін бүтіндеп, ертеңін айшықтауға бағытталған бірқатар тапсырмаларды белгіледі», - деп жазады басылым.                                                                                                             

«Болашақтықтардың» жұмысқа тұруын комиссияның өзі қадағалауы керек». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жаңа құрамымен биылғы жылдың алғашқы отырысын өткізгендігі жайында жазылған. Отырыста Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов 2011 жылы Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасын іске асыру барысы туралы есеп жасады. Тоқетері, ағымдағы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1186 стипендия бөлу жоспарланып отыр екен.

***

«Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Андрис Тейкманисті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «О перспективах отношений» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, тараптар Қазақстан-Латвия ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму келешегін қа­растырды, халықаралық ұйым­дар шеңберіндегі әрекет­тестік бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында Е.Қазыханов Астананың сыртқы сая­си бастамаларына, атап айт­қанда, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, «Еуро­па­ға жол» мемлекеттік бағдар­ла­масының жүзеге асы­ры­луы және Орталық Азиядағы ЕО стра­тегиясына қатысты көр­се­тілген қолдау үшін А.Тейкманиске алғысын білдіріп, Лат­вия Қазақстан үшін Балтық өңі­ріндегі маңызды әріптес бо­лып табылатынын атап көрсетті.

                                                                                           ***

Астана қоқыс жәшігіне түспей қалған сағыз үшін азаматқа айыппұл салып қана қомай, оны қамауға алатын Қазақстандағы алғашқы қала болуы мүмкін. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті «Президент елордалық спорт нысандарының қолжетімсіздігіне наразы» атты тақырыппен басқан мақаласында жазды.

Басылымда атап өтілгендей, мұндай ұсынысты кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы одан әрі дамытуға арналған кеңесті қорытындылай келе жасады. Президенттің пікірінше, Астана бұдан әрі де экономика мен қала шаруашылығын тиімді басқаруда, мемлекеттік қызмет көрсетуде, инвестициялық климат пен халықтың өмір сапасын арттыруда өзгелерге үлгі болып қала беруі тиіс. «Бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен менің жеке қолдауым бар», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.