Аумақты тексеру кезінде тәртіп сақшылары тұрғын үйдің ауласында күдікті адамдарды байқаған. Кейін белгілі болғандай, үш азамат біреудің көлігінің бамперін алып, жанар-жағар майын сорғызып, құйып алмақ болған. Полиция бөліміне апарған соң олардың кім екені анықталды. Олар еш жерде жұмыс істемейтін 1990 және 1991 жылы туған Ақмола және Қостанай облыстарының азаматтары болып шықты. Оның екеуі осындай қылмысы үшін бұрын сотталған екен.
Тергеу барысында сезіктілердің бірі осыған дейін де ауладағы көліктің бөлшектері мен доңғалағын ұрлағанын айтқан.
Ұрланған заттардың бір бөлігін полицейлер тәркіледі. Алайда олар біразын сатып үлгерген екен. Олардың келтірген шығындарының жалпы көлемі - шамамен 200 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 175 бабына («Ұрлық») сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу жалғасуда. Олардың өзге де осындай қылмыстарға қатыстығы анықталуда.