Астанада көлік сатумен айналысатын ресейлік жалған фирмаға тосқауыл қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көлік сатумен айналысатын ресейлік жалған фирмаға тосқауыл қойылды. Бұл туралы брифинг барысында Астана қалалық прокуратурасы екінші басқармасының прокуроры Ерлан Баймұхамбетов мәлім етті.

«Рубль бағамының құнсыздануына байланысты Ресей Федерациясынан көлік сатумен айналысатын компания ашылған. Бұл біздің азаматтарымыз Ресейден арзан көлік алуға ағылған кезде орын алды. Мұны Ресей азаматтары пайдаланып, Астанадан заңсыз баю мақсатында РФ-дан автомобиль әкеп сатумен айналысатын ЖШС ашқан», - деді прокурор.

Оның сөзіне қарағанда, аталған алаяқтардан көптеген азаматтарымыз зардап шеккен. Бүгінде олардың саны 27 адамға жетіп отыр.

«Аталған банданың бір мүшесі ұсталды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істің тергеу амалдары аяқталуға жақын. Зардап шегушілер көліктерге алдын ала мол сома төлегенімен, оны алмаған», - деді Е.Баймұхамбетов.