Астанада көлік тұрақтарының жеткіліксіздігі. Мәдениетсіздік әлде шарасыздық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылдың ішінде елордада автокөлік саны еселеп өскені байқалады. Мәселен, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес 2003 жылы елордада 63,7 мың жеңіл автомобиль тіркелсе, 2017 жылдың ақпанында бұл саны шамамен 4 есеге өсіп, 246,9 мың көлікті құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлік тұрағы бүгінде тек қана жүргізушілердің ғана емес  сонымен бірге жаяу жүргіншінің  де бас ауыртар басты проблемасына айналғаны жасырын емес. Темір тұлпарды тізгіндегендер қала көшелері мен үй аулаларындағы  көлік тұрақтарының жеткіліксіздігіне наразылық танытып жатады. Ал жаяу жүргіншілер, мен велесипед тепкендер, таза ауаға сәбиін коляскамен серуендетуге шыққан жас аналар болса жаяу жүргінші жолына, аулаларда қалай болса солай бейберекет көлігін қойып кеткен жүргішілерге реніштерін білдіреді.
    

Ағымдағы жылдың өзінде ғана Астанада көлік аялдамасы мен тұрағы ережесін бұзып, жаяу жүргінші жолына, балалар мен спорттық алаңдарға,  тіпті гүлзарларға көлігін қойып кеткен 800-ден астам жүргізуші жазаға тартылған екен.  Жол белгілері ережесін сақтамағаны үшін жазаға тартылған елордалықтардың  саны 9 мыңға жуықтайды.
    

Ал бұл проблеманы шешуге кім жауапты? Құрылысшылар мен билік органдары барлық тұрғындардың, оның ішінде көлік иелерінің де салығына автомобильдерге арналған арнайы тұрақтар салуға тиіс пе?
    

Астана әкімдігі бұл мәселеде қала тұрғындарын жаппай қоғамдық көлікке отырғызу қажет деп санайды. Әрине, олардың діттегені орындалар болса, қала көшелері қаптаған көліктен құтылып, елорда ауасы да лас түтіннен арылар еді.
    

Қала билігінің PricewaterhouseCoopers халықаралық ұйымының зерттеулеріне сүйене келтірген деректеріне сәйкес,  көлік қожайындарының 80 пайызы өз көліктерін орташа есеппен 8-9 сағатқа жұмыс орнының жанына қалдырса, тұрғын үй кешендері терезесінің түбінде көліктер 13-14 сағат бойы қаңтарылып тұрады екен. Ал жабық автопаркингті пайдаланатындардың үлесі 15-20 пайыз ғана.
    

Көлік тұрағы тапшылығын шешудің бір жол ретінде Астана әкімдігі ақылы тұрқтар салудеп есептейді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Мәселен, Нұржол желек жолында 910 көлікке арналған тұрақ салынуда. Онда 1 сағатқа көлік қалдыру 100 теңгені құрайды.