Бұл туралы бүгін, 5 сәуір күні журналистерге қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының бөлім бастығы Елжан Чупеков мәлім етті.
Ұсталған үш жігіт Астана аумағында 16 көлікті айдап әкеткендері жөнінде мойындады. Е. Чупековтың айтуынша, қазіргі уақытта ұрланған 10 көлік табылған. Оларды иелеріне қайтару шаралары жүргізілуде.
Күдіктілер 3 көлікті мініп, Астана - Павлодар тас жолының шығыс жағындағы егістік жердің сүрлеулі жолымен кетіп бара жатқан жерінде анықталады.
«Тексеру кезінде үш көліктің екеуі айдап әкетілген болып шығады. Алайда тұтқындау кезінде олар құқық қорғаушыларға қарулы қарсылық көрсетіп, 5 рет оқ атады. Қараңғылықты пайдаланып жасырынбақ болған. Тек Жол полициясы қызметкерлерінің білікті іс-қимылдарының нәтижесінде бір күдікті сол орында құрықталып, ұрланған екі автокөлік тәркіленді»,-деді Е. Чупеков.
Жедел-іздестіру шарасы кезінде қалған екеуі аз уақыттың ішінде қала ішінде ұсталған. Е. Чупековтың атап өткеніндей, аталған топ Астанада көлік ұрлаумен жарты жылдан астам уақыт айналысып келген. Сонымен қатар көліктерді жылдам өткізіп отырғандықтан, оларды анықтауға мүмкіндік болмаған. Қылмыстық топ көбіне көп «Ауди» және «Фольксваген» маркалы 1993 жылға дейін шығарылған көліктерге кәсіптенген. «Себебі 1993 жылға дейін шығарылған көліктердің қауіпсіздік құралдары мен дабылқаққыштары жоқ»,-дейді Е. Чупеков.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, жыл басынан бері елордада 68 автокөлік айдап әкету және ұрлау оқиғалары анықталған. Оның 57-сі табылып, қылмысты ашу үлесі 83 пайызды құрап отыр.