Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Асхат Елеужанов қала тұрғындарының ресми таратылған ақпаратты дұрыс түсінбей, босқа дүрліккенін, бәрі түсіндірілген соң жағдайдың тұрақтанғанын айтты. «Бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда, теледидарда құжаттарды қабылдау 13-25 қазан аралығында жүргізілетіні туралы ақпарат жарияланды . Құжаттарды тек кезекте тұрған азаматтар ғана тапсыруы тиіс екені де айтылды. Ақпараттың адамнан адамға тез тарайтынын ескерсек, бұл шынайы ақпарат көзі емес. Нәтижесінде құжаттарды тапсыруға баспана алуға кезекте тұрған азаматтар да, кезекке тұрмаған азаматтар да келіп отыр», - деді А.Елеужанов.
Сонымен қатар басқарма басшысы өтініш беру мерзімі пәтерлерді үлестіруге әсер етпейтінін атап өтті. Ол баспана алуға мұқтаж азаматтардың кезегі мен өтініш берушінің төлем қабілетінің расталу нәтижесі бойынша жүргізіледі. Қазіргі уақытта «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын 4 оператор жүзеге асырады: жергілікті атқару органдары, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және «Қазақстанның Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ. Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаның бұл бағыты бойынша Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар; әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын адамдар (Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар; экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; көп балалы отбасылар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; толық емес отбасылар) қатыса алады. Бағдарламаның бұл бағыты бойынша Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алмайды. Құжаттарды қабылдау «Жастар» сарайында 13-25 қазан аралығында жүргізіледі. Астана қаласы бойынша «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үй» бағыты бойынша қатысу туралы толық ақпаратпен мына жерде танысуға болады: http://astana.gov.kz/kk/modules/material/6350.